Пилоттық жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік қызметшінің тілдік құзыреттілігін арттыру (Повышение языковой компетенции государственных служащих)» тақырыбындағы пилоттық жобасы


Жобаның жалпы сипаттамасы: Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның «Мемлекеттік тілді меңгеру» бағытын жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілерді оқытуда бірізді типтік бағдарламаның қолданылуын, Тіл орталықтарының қазақ тілін академиялық пән ретінде ғана оқытпай, мемлекеттік қызметшіні тілді оқытудың барлық деңгейінен өткен ересек аудитория ретінде қабылдап, кәсіби қызметке қажетті инновациялық технологияларды, авторлық бағдарламаларды қолдана оқытуды талап етеді.
Аталған қажеттілікті жүзеге асыру мақсатында, кәсіби қызметінде, күнделікті қарым-қатынас барысында мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде қолдана алмайтын мемлекеттік қызметшілерге 3 деңгейлік интенсивті-тренингтік және қашықтықтан оқыту жобасы ұсынылады.
Пилоттық жоба бойынша, мемлекеттік тілді кәсіби қызметінде жетік қолдана алмайтын бір мемлекеттік қызметші 3 деңгейлік біліктілікті арттыру семинарларынан (А1-А2, В1, В2) өтеді.
Ұсынылып отырған жоба Қазақстан Республикасы (бұдан әрі-ҚР) Президенті Н.Назарбаевтың кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына, ҚР Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына», ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларына сәйкес тіл саясатын жетілдіру, мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру, қазақ тілін зиялы ұлттың әлеуетіне айналдыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу мақсатында, мемлекеттік тілді кәсіби қызмет, күнделікті қарым-қатынас барысында жеткілікті (қажетті) деңгейде қолдана алмайтын мемлекеттік қызметшілердің сөйлеуін, әр түрлі ресми стильді дискурстарға түсуін, монологты ойларын жетілдіріп, аналитикалы-сараптамалық талдаулар жасаудың әдіс-тәсілдерін игертуге бағытталған.
Мақсаты: Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде тыңдап түсіну, оқу, сөйлеу, жазу және жазбаша сөйлеу құзыреттіліктерін қарапайым (А1-А2) деңгейден ортадан жоғары (В1-В2) деңгейлеріне интенсивті-тренингтік, қашықтықтан оқыту арқылы жеткізу.
Міндеттері:
- қазақ тілінде ресми сөйлеу негіздерімен таныстыра отырып, мемлекеттік қызметшілердің кез келген тақырып бойынша ресми стильде сөз сөйлеу мәнерін қалыптастыру;
- мемлекеттік қызметшінің жазу және сөз сөйлеуін ресми стильдің қажетті қағидаларымен қамтамасыз етуді меңгерту;
- мемлекеттік қызметшінің тілдік құзыреттілігін тілдесім, сұхбат, оқылым, монолог, дискурс т.б. әрекеттер арқылы кәсіби салаға сай дамыту.
Жобаға қатысатын мемлекеттік қызметшілердің саны: 300 адам, 15 топ.
Контингенті: мемлекеттік тілді кәсіби қызмет, күнделікті қарым-қатынас барысында жеткілікті (қажетті) деңгейде қолдана алмайтын (ресми стильде мәтін құрастырып, сұхбат барысында монологты ойын еркін жеткізіп, көпшілік алдында сөз сөйлеу барысында тілдік білімді қажет ететіндер) мемлекеттік қызметшілер.

Мерзімі: 2016 жылғы ақпан-маусым.